Қырғызстандағы кездесуде АХҚО әлеуетін бірлесіп пайдалану талқыланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиында сондай-ақ инвестиция тарту мәселесіне кеңінен тоқталды.

"Өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту көп жағдайда инвестиция тартудың тиімді шараларына байланысты. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша біздің тікелей шетелдік инвестицияларды тарту алдағы 10 жыл ішінде 170 миллиард долларға дейінгі көлемде, оның ішінде шикізаттық емес салаларға шамамен 70 миллиард долларға бағаланады. Бұл тұрғыда "Астана" халықаралық қаржы орталығы өңірлік жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады. Орталықта әлемнің 64 елінен 1400-ден астам компания тіркелген. Біз Астана Халықаралық қаржы орталығы алаңындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кез келген форматына ашықпыз", - деді ел Президенті.