Өскеменге 1800 келі қант жеткізіледі

Өскеменге Тараздағы зауыттан 1800 тонна қант жеткізіледі. Құмшекер облыс орталығындағы 60-қа жуық сауда дүкенінде 540 теңгеден сатылады деп жоспарланып отыр. Қаладағы кәсіпкерлер мен азық-түлік корпорациясы арасындағы меморандумға сәйкес дилерлер үстемені 15 проценттен асырмауы тиіс.

Қазір Өскеменде қант 750 теңгеден сатылып жатыр. Кейбір дүкендерде құмшекердің келісі 1000-1500 теңгеден саудалануда. Бағаның нарыққа бағынбай бұлайша шарықтауы түсінікті де. Жеміс-жидектің пісетін, төгіліп жерге түсетін уақыты. Осы сәтті пайдаланып, қат өнімді арзан бағаға сатамыз деп жұртты алдап, ақшасын алдын ала сыпырып алатын алаяқтар да көбейе бастады. Жақында Өскемен мен Риддер қаласының 100-ге жуық тұрғыны беймәлім азаматқа 90 миллион теңге жіберген болатын. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жергілікті азық-түлік корпорациясы Тараздан 2 мың тоннаға жуық қант жеткізуге шешім қабылдады. Енді өскемендіктер құмшекерге 520-540 теңге төлейді, әр адамға тек 2 келіден ғана беріледі.   

Таисия Фадеева, сатушы:

- Адамдар қанша келіге дейін қант алуға болатынын бізден сұрайды. Сөреге қойсаң, талас басталады. Одан гөрі осылай сатқанымыз тиімді. Өте қолайлы. Әркім кезекпен келіп алады.

Меморандумға сәйкес, енді қант қаладағы 60 дүкенде сатылады. Саудагерлер құмшекерге үстемені 15 пайыздан асырмауы тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда келісімшарт ешқандай ескертусіз күшін жояды.  

Әсел Ахметжанова, облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы:

- Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Әлі де меморандумдар жасалуы мүмкін. Кез келген кәсіпкердің бізге келіп, келісім-шарт жасауға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, құжаттары түгел болуы керек. Қант жеткізуде мәселе жоқ. Апта сайын вагондармен әкелінеді. 

Оңтүстік өңірден жеткізілетін қант бағаны уақытша тұрақтандырғанымен, өскемендіктердің сұранысын толық қанағаттандырмайтыны анық. «Дегенмен, бұл да болса көмек» дейді қала тұрғындары. 

Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин