Елде қант неге қат?

Жаз шықса, қанттың қымбаттайтыны белгілі. Бірақ елдің биылғы дүрлігуі алабөтен. Дүкен аралап, сөре жағалаған жұрттың ашуын да түсінуге болады. Былайғы жұрттан бөлек кәсіпкерлер де осы қанттың жоқтығынан біраз шығынға батқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің рестораторлары Ауыл шаруашылығы министрлігінен қант мәселесін шешуді сұрап отыр. Бағаның кенеттен құбылуы орта және кіші бизнес өкілдеріне үлкен соққы болып тиді. Қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқармасы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова осылай дейді. Айтуынша, шекер бағасының қымбаттауы 60 мың қоғамдық тамақтану нысанының қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр. Себебі, ас мәзірінің 80 процентінде қант бар. Кей аймақтарда тәтті өнім мүлдем жоқ.

Вероника Нұрпейісова, ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі:

Наннан бастап, ет және басқа да өнімдерде қант бар. Тіпті соустарға да тәтті өнімді пайдаланамыз. Қант бізге ауадай қажет. Ал оның бағасы ұшып тұр. Қазір бағасы 800-900 теңге. Бұл сұмдық қой. Біз пандемиядан кейін енді есімізді жиып келеміз. 30 процент клиентімізді де жоғалттық. Бұл мәселе тезірек шешімін таппаса, не боларын білмеймін.

Мысалы, нан, кондитерлік өнімдерді өндіру үшін айына 500 келіге дейін қант қажет екен. Қазіргі бағаны ескерсек, 8 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаймыз, – дейді кәсіпкер.

Екатерина Васильева, кәсіпкер:

– Біз үшін бұл банкроттық жағдай. Шикізат жоқ болса, жұмыс та жоқ. Мен не істей аламын? Бүгін болмаса, ертең жабылып қалуымыз мүмкін. Әрине біз қантты нарықтағы бағамен сатып ала аламыз. Бірақ қарапайым бидай нанын 500 теңгеден, ал қара бидай нанын 1000 теңгеден сатуға тура келеді.

Қағылез Әбдірахманов, бариста:

– Осыған дейін қантты тапсырыспен алдыртып жүргенбіз, қазір тапсырыс қабылдайтын жерлердің көбісінде қант тапшылығы сезілуде. Өзіміз аралап іздеп сатып алуға мәжбүрміз. Соңғы айда қант бағасы 2-3 есеге дейін өсті, бұрын 350 ден алып жүрсек, қазір 1000 тг ге дейін өскен. Күніне 100-150 кофе жасалса, шамамен соның 100-не қант қосылады.

Ауыл шаруашылығы министрі қазір елде өнім арзанырақ болғандықтан, тұрақтандыру қорындағы қантқа ғана сұраныс артқанын тілге тиек етті. Сол себепті алыпсатарлар бағаны қолдан көтеруге жол бермеу үшін шектеулі мөлшерде сатады. Қазір отандық зауыттарда қант өндірісі қалыпты жұмыс істеп жатыр деп сендірді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Шілде айының басында республикадағы қант қоры 27,8 мың тоннаны құрады, айдың соңына дейін 37 мың тонна қант өндіріледі деп болжануда. Квота шеңберінде импорт көлемі 33,3 мың тонна болды. Осылайша, 69,8 мың тонна қажеттілік кезінде ішкі нарықтағы қанттың жалпы қоры 98,1 мың тоннаны, нарықтың қамтамасыз етілуі шамамен 140% болып отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі:

– Біздің мақсатымыз нарықта физикалық қолжетімділікті арттыру. Зауытты айттық, қантты әкелетін поставщиктермен жұмыс істеп келеміз. Нарықта еркін айналымның арқасында қолжетімділікті қамтамасыз етсек, халыққа да, бизнес өкілдеріне де қолжетімді болады.

Бұрын Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан қантты жеткізу мерзімі 4-10 күнге дейін болса, қазір 90 күнге дейін жеткен. Бүгінде қант пен шикізат импорты әлемдегі ең ірі өндірушілер Бразилия мен Үндістаннан жүзеге асырылады. Олардың өндіріс көлемі шамамен 800 млн тоннаны немесе әлемдік нарықтың шамамен 60%-ін құрайды. Осылайша, бұрын орныққан барлық логистикалық байланыстар бұзылған. Бұл Қазақстанға шекер мен шикізатты жеткізу мерзімінің ұзаруына әкелді. Қазір қазақстандықтар үшін қант қолжетімсіз болып барады. Тіпті тойдағы байқаудың бас жүлдесі 25 келі қант салынған қап болды.

Айта кетейік, бүгінде зауыттар 1 килограмм құмшекерді 450 теңгеге сатады. Бұл ретте 15% көтерме және бөлшек сауда үстемелерін ескере отырып, қант құны шамамен 600 теңгені құрауы қажет.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ерлан Наурызбаев, Еламан Мұстафа