Қант қызылшасын өсіруге мемлекеттен қолдау керек

Жамбыл облысының шаруалары қант қызылшасын субсидиялауды 80 процентке жеткізуді сұрап отыр. Сонда ғана іс ілгері басады деп есептейді. «Өйткені диқандар ауыл шаруашылығы техникасы мен жер тапшы» дейді. Суармалы алқаптарға су жетпейді. Тыңайтқыш пен зиянкестерге қарсы қолданылатын дәрілер де үш есе қымбаттап кеткен. Несібесін жерден іздеген ағайын қант қызылшасын қабылдау құнын 10 теңгеге өсіру керек деп есептейді.

Таласбек Шертаев 20 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен айналысып келеді.

«Бұрын 1 гектар жерді игеруге арналған шығын 150 мың теңге еді. Қазір 1 миллион теңгеден асып кетті. Сол себепті қызылша алқабын бірнеше есеге дейін қысқартуға тура келді. Биыл 70-ақ гектар жерге тәтті түбір ектім. Өйткені ол өзін өзі ақтамайды», - дейді шаруа. 

Таласбек Шертаев, шаруа:

- Байзақ ауданында 4-ақ комбайн бар. Техниканың жетіспеушілігінен өткен жылы жиын-терімді уақытылы аяқтап үлгірмедік. Оның үстіне қатты құрғақшылық болды. Әр гектардан 700 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап едік, ойдағыдай болмады. Гектарына 40 центнерден ғана берді. Әрине қып-қызыл шығынға баттық. 

Дәулет Қоңқашев, шаруа:

- Қазіргі таңда шаруалар үшін қант қызылшасын өсіру тиімсіз. Өйткені оған қажетті заттардың барлығы 3 есеге қымбаттап кетті. Судың да бағасы өсті. Тамшылатып суаруға арналған құбыршектердің өзіне 7 миллион теңге кетеді.  50 гектар жерді игеру шығыны 50 миллион теңгеге шығып тұр.

Қызылша өсірушілерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілмесе, шаруалар келер жылы одан бас тартып, өзге дәнді дақылдарды егуге көшеді. Диқандар қызылшаны субсидиялау көлемін 80 пайызға жеткізу керек деген пікірде және мұндай қолдауқаржының ең кемі 5 жыл бойы көрсетілгенін қалайды. 

Саха Манатов,  облыстық қант қызылшасын өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- Біздер 80 пайыз Қырғыз мемлекетіне тәуелдіміз ағын суға. Сол үшін біздер қазірден бастап жерасты суын пайдалануымыз керек. Скважиналарды қазуымыз керек. Осы скважиналарды үкімет тез арада жасамаса, мына қант саласын көтеруге мүмкіншілік болмайды. Жамбыл облысының қант қызылшасын себетін шаруалары 10-20 пайыз ғана обеспечить етілді техникамен. Сол үшін біздерге сол техниканы 80 пайыз дотация берілуі керек үкімет тарапынан.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

 - Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы жерлерге арналған сол ұңғымаларды субсидиялауды 80 пайызға ұлғайту бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл шаруа ойдағыдай жүзеге асса, ұңғыма бұрғыланады. Өңірдегі ірі шаруашылықтардың күшімен бүгінге дейін 77 ұңғыма іске қосылды. 2025 жылға дейін олардың санын 646-ға жеткізуіміз керек. 

Жамбыл облысы бойынша биыл 3 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Ал жетісулық шаруалар 6 мың 200 гектарға қызылша тұқымын септі. Бұл республиканың 4-5 пайызын ғана отандық қантпен қамтамасыз етуге жеткілікті. Қалғаны сырттан жеткізіледі. Негізінен Қазақстанның отандық нарықты түгелдей құмшекермен қамтуға мүмкіншілігі бар. Ол үшін қант қызылшасы алқабын алдағы 5 жылдың ішінде 100 мың гектарға жеткізуіміз керек.

Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Руслан Ахатилла