Ақтаудағы «Caspi Bitum» зауытының қуаты артады   

Маңғыстау облысындағы «Каспий битум» зауытының қуатын 1,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Қазір зауыт жылына 400 мың тоннадай битум шығарса, болашақта 750 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша мұнай өңдеуді жылына 1 миллионнан 1,5 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Жол битумын өндіретін кәсіпорынның қуатын толық пайдаланбай отырғанын Президент Үкіметтік кеңейтілген отырысында айтқан еді.

Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Каспий битум» зауыты өткен жылы жаңғыртудан өтті. Оның өнімі еліміздегі барлық жол мен климаттық аймаққа сай келеді. Өңірге келген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке зауыт жұмысы таныстырылып, кәсіпорынның инновациялық өнімдерді қарқынды шығаруға бет бұрғаны айтылды.

Талғат Мұқанов, «Caspi Bitum» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

– Есеп бойынша битумға жылына 1 млн 100 мың тоннаға дейін сұраныс бар. Біздің қуаттылық 400 мың тонна. Соның біз жартысын жаба аламыз осы жылы. Битум артылып жатса, сыртқы нарыққа тасымалдауға болады.

Былтырғы қорытынды бойынша зауытта 400 мың тоннадан астам жол битумы өндірілді. Биыл ішкі нарыққа 230 мың тонна инновациялық өнім, яғни елімізде өндірілген жол битумының 50 проценті жеткізілген.

Дмитрий Макеев, «Қазмұнайгаз» ҰК « АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры:

– Зауыттың қуаттылығын арттырып, жылына 1 жарым млн тоннаға дейін мұнай өңдеуді тезірек қолға алу керегі айтылды. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығына қысқы уақытта да жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауға тапсырма берілді.

Президент тапсырмасына сәйкес қазір жаңғырту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Келешекте Қаражанбас мұнайын қайта өңдеу көлемін ұлғайту арқылы жылына 750 мың тоннаға битум өндірілмек.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев