«Қазақстанның үздік тауары»: өңірлік конкурсқа 77 отандық компания қатысты

Алматы қаласының әкімдігі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурсының қорытындысы бойынша үздік атанған кәсіпкерлерді марапаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы сияқты алаңдар даму, жетілу, танылу үшін жақсы мүмкіндік береді. Байқауға қатыса отырып, компания ілгерілеудің жаңа кезеңіне шығады, байқау талаптарына қарай сапа стандарттарына сәйкестігін растайды, өз өнімін отандық тауар өндірушілердің үлкен көрмесінде ұсынуға мүмкіндік алады», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов. 2022 жылдың қаңтар-наурыз аралығында өнім шығару 28,5%-ке ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 17,4%-ке өсті және жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 2022 жылғы 1 сәуірде 10,6% өсті. Байқау қатысқан әр өндіруші компания жеңімпаз болуға лайықты. Дегенмен байқаудың аты байқау, елордада оңтүстік астананың намысын қорғайтын үздік компаниялар анықталды. Алматылық компаниялар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша бақ сынады. Байқауға 77 компания қатысты, оның ішінен 9 кәсіпорын үздік атанып, республикалық байқауға жолдама алды.

Айта кетсек, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы 2006 жылдан бастап өткізіліп келеді.