Үкіметте азық-түлік бағасын ұстап тұру мәселесі талқыланды

Кейінгі бір айда елде пияз 12 проценттей қымбаттады.

Әсіресе Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстары мен Алматыда бағаның шарықтағаны байқалады. Яғни осы өңір әкімдері жүйелі жұмыс істемеген. Премьер-Мимнистр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға бағытталған кеңесте осылай деді.

Айтуынша, әкімдіктер өнімді жеткізу бойынша уақытылы келісім жасамаған. Оның үстіне ортада делдал көп. Үкімет басшысы алыпсатарлықпен айналысатындарды анықтауға арналған комиссияның жұмысын жандандырып, көтерме саудагерлермен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Осы айда пиязбен қатар күріш, қырыққабат, сәбіз, қанттың шарықтағаны белгілі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау қажет. Сондай-ақ қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде олар бұл жұмысты уақытылы орындай алмайтын ұсақ жеткізушілерге таратылған. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты арзанырақ жеткізе алады.

Премьер-министр өңірлерге тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен уақытылы толықтыруды тапсырды. Сондай-ақ жағдайды ушықтырып, бағаны негізсіз көтергендерді анықтап, бағаны тұрақтандыру үшін мониторинг жүргізіп отыруды міндеттеді.