Ұшақ билетінің бағасы аспандап тұр

Ел көрген, жер көрген жақсы. Бірақ елден ұшып шығуыңыз үшін қалтаңыз қалың болсын. Іргеде тұрған Қытайдың өзіне билет құны 1 миллион 300 мың теңге. Әрине мұндай соманы әркімнің қалтасы көтермейтіні анық. Енді қайтпек керек? Қазақстаннан шетелге ұшу қашан қолжетімді болады? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазір осы мәселені қарастырып жатыр.  

Қазақстандағы тасымалдаушы компаниялар шетелге шығатын рейстерді көбейтуді көздейді. Мысалы, пандемияға дейін көршілес Қытайға аптасына 40 рейс ұшатын болса, қазір саны 3-ке дейін азайған. Әрине жолаушыларға тиімсіз. Себебі бір бағытқа билет құны 1 миллион 300 мың теңге тұрады. Бұл қалтаны қағады. 

Салтанат Томпиева, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз Қытай тарапына ресми хат жолдадық. Жауабын күтеміз. Өздеріңізге белгілі, эпидемиологиялық ахуалға байланысты рейстер санын шектеуге мәжбүр болдық. Енді санитарлық талаптарды сақтай отырып, бірнеше бағытқа сыртқы рейстерді жандандыру керек.  

Сыртқы әуе рейстерін жандандыру қолға алынады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасымен өткізілген ашық алаңда авиацияға қатысты өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Қытай, Пәкістан, Өзбекстан бағыты бойынша рейстерді көбейту көзделіп отыр. 

Жанжігіт Омархан, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қолға алынған ашық сағат алаңы жобасынынң негізгі мақсаты осы министрліктің ашықтығын көрсету. Яғни халықпен кәсіпкерлермен кері байланыс орнату мақсатында қолға алынған.

«Ашық сағат алаңы» платформасы елдегі өзекті тақырыптарды қаузайды. Онда министрліктің жауапты қызметкерлері сарапшылармен, кәсіпкерлермен және азаматтық қоғам өкілдерімен онлайн форматта кездесулер өткізеді. Әр саладағы қордаланған мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, шешу жолдары қарастырылады. 

Гүлзия Нақыпқызы