Бес өңірде азық-түлік шекті бағадан қымбат

Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін азық-түлік карточкасын енгізу керек. «AMANAT» партиясы осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяси ұйым өкілдері аймақтарға барып, 2 мыңға жуық сауда нысанын аралаған. Бес өңірде азық-түліктің кейбір түрлері Үкімет бекіткен бағадан жоғары екені анықталды. Сауда және интеграция министрлігі қымбатшылықты тежеу үшін сауда орындарына «айналым схемасымен» 86,4 миллиард теңге бергенін, бұған қоса тұрақтандыру қорларына 18 миллиард бөлгенін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі елде азық-түлік қоры жеткілікті дейді. Экономика министрлігі болса, қымбатшылықты әлемдік инфляциямен байланыстырады. Ал Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Сауда нысандарына субсидия беру тиімсіз екенін тәжірибе көрсетті. Мұны Президент те айтты. Көмекті сатушыға емес тауар өндірушіге беру керек деді. Бірақ министрлік ақша бөлінді, үйтіп жатырмыз ,бүйтіп жатырмыз деп бұрынғы айтқанын қайталап отыр. Президент тапсырмасы мүлде болмаған сияқты. Олар халық үшін тиімді нақты шешімдер қабылдауы керек.