Мұхтар Тілеуберді ACWA Power компаниясының басшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ACWA Power саудиялық ірі компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.

Компания делегациясының Қазақстанға сапары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Сауд Арабиясына сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жүзеге асырылды. Тараптар елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытатын жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. ACWA Power компаниясы 70 млрд долларға жуық инвестициялық қоржынға ие бола отырып, жасыл электр энергиясын генерациялау және суды тұщыландыру үшін арнайы қондырғылар шығарумен айналысады. Әлемнің он үш елінде күн, геотермальді және жел энергиясын өндіреді, сондай-ақ қалдықтарды энергияға өңдейтін электр станцияларын іске қосқан. Сапар барысында компания өкілдері ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» қорының және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басшылығымен келіссөздер жүргізді.