Елде электр энергиясы тарифының құны алдағы уақытта тағы көтеріледі

Бірақ қанша пайызға екені әзірге нақты белгісіз. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың болжамынша баға  инфляция деңгейінен жоғары болмауы тиіс. Яғни 8 пайыздан аспайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Тариф құнының қымбаттауына  қазіргі бекітілген бағаның саладағы шығындарды толық жаппауы себеп», - деді вице министр. Салдарынан электр желілері жиі істен шығып, тұтынушыларды қуатпен қамту сапасы төмендеп кеткен.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Біздегі тарифтердің көлемі сапалы энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Мысалы ауыл аймақтарды алайықшы. Көптеген станциялардың тозығы жеткен. Қолданыстағыларының кейбірі өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынған.