Елдегі ірі бизнесті қаржыландыруға 143 млрд қаржы жұмсалды – Қанат Шарлапаев

Жыл басынан бері «Бәйтерек» холдингінің қолдау көрсетуімен 30 мыңға жуық пәтер халық игілігіне берілді. Осы арқылы 250 мың отандасымыз өзінің тұрмыстық жағдайын жақсартты. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бәйтерек» холдингінің биылғы жарты жылдықтағы қызмет қорытындыларын баяндаған басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елдегі кәсіпкерлікті қолдау шаралары жайында да ақпарат берілді. Ірі бизнесті қаржыландыруға 143, шағын және орта бизнеске 510 және де агроөнеркәсіп кешеніне 241,3 миллиард теңге жұмсалған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Шарлапаевқа бизнесті дамытуды жақсарту және әлеуметтік тұрғын үй саясатын жетілдіру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

– Мен бүгін Президентке отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизинг арқылы алуға қолдау көрсету жайын да баян еттім. Ол үшін біз «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен қосымша 30 млрд теңге бағыттаймыз. Сонымен қатар қазақстандықтарды баспанамен қамту жайын талқылап, холдингтің ұсыныстары мен бастамаларын жеткіздім. Көбін Президент қолдап, тиісті тапсырмалар берді.