Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі құрылды

Қазақстанның Сингапурмен арадағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында қос елдің бірлескен іскерлік кеңесі құрылды. Оның салтанатты ашылуына вице-премьер әрі сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

Құрамына екі елдің алпауыт компаниялары кірген бизнес-қауымдастық сауда және инвестиция саласындағы әріптестікті ілгерілетуді көздейді. Сингапурге екі күндік сапары кезінде сыртқы істер министрі, елдің президенті Халима Якубпен жүздесті. Тараптар қос елдің экономикалық, мәдени ынтымақтастығын нығайту жолдарын талқылады. Жалпы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша алыс-беріс көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асқан. Биыл оны 3 есе арттыру жоспарда бар. Сонымен қатар Мұхтар Тілеуберді сингапурлық әріптесі Вивиан Балакришнан және еңбек ресурсы министрі Тан Си Ленгпен кездесті. Тараптар инфрақұрылым, логистика, ауыл шаруашылығы, баламалы энергия және жоғары технология салаларында бірлескен жобаларды қолға алу жайында келіссөздер жүргізді.

Әркен Арыстанов  Қазақстанның Сингапурдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Сапар барысында Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқысы келетін сингапурлық ірі компаниялардың басшыларымен бірқатар іскерлік кездесу өтті. Мәселен жобалаумен айналысатын  компания біздегі  G4City (Джи фо сити) жобасына қызықты. Ал Қазақстан Теміржолы ұлттық компаниясы әлемге танымал көліктік хаб саналатын Сингапур портымен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі жұмысын бастады.

Кен Уая, Crimsonlogic компаниясының атқарушы директоры:

– Қазақстанның мүмкіндіктері өте мол. Біз 2017 жылдан бері серіктес болып келеміз. Қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Ковидке байланысты шектеулер алынды, енді Қазақстанға қайта барып, диджитал технологияны енгізу бойынша жұмыстарды ілгерілетсек дейміз.