АЭС: әлемдік тәжірибе не дейді?

Сарапшылардың айтуынша, елімізде энергия тапшылығын жою үшін 2500 мегаватт деңгейіндегі атом электр стансасы қажет екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы арқылы қоршаған ортаға зияны тимейтін қуат көзін өндіре аламыз. Тек қауіпсіздікті естен шығармаған жөн. Себебі атомдық энергетика олқылықты кешірмейді. Сол үшін де қазақстандық мамандар Түркиядағы «Аккую» стансасының құрылысымен танысты. Олар бірнеше күн бойы технологияның тынысын тексеріп, қауіпсіздік мәселесі қалай шешілгенін зерделеді.

Ержан Құдайберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз атом станциясын өзімізде құрсақ, тиімді болатынына көзіміз жетіп тұр. Әрине халқымыздың амандығы, экологиямыздың тазалығы бізді ойландырады. Сол себепті осы іс сапарларымызда біздер әрбір құрылыс болып жатқан алаңдарды қадағалап жүрген жағдайымыз бар.

Дәл қазір «Аккую» станциясында төрт энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Құрылысты Ресей мен Түркия арасындағы келісімге сәйкес «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жүргізіп жатыр. Станцияның алғашқы энергоблогын іске қосу 2023 жылға жоспарланған.

Жәнібек Байдулла, сарапшы:

Осыған дейін Шотландия және Англиядағы атом электр станцияларының жұмысымен танысқанмын. Олар ұзақ жылдан бері елді тоқпен қамтамасыз етіп тұрған станциялар болғандықтан қуаты «Аккюден төмен». Екеуін салыстыра келе мұндағы жаңа құрылғылардың тиімділігі басым екенін көруге болады. Құрылыс сапасымен әлі де танысып жатырмыз.

Кей сарапшылар Қазақстан үшін атомды энергетиканың баламасы жоқ дейді. Айтуларынша, дәл қазір еліміздің оңтүстігінде энергия тапшылығы қатты сезілуде. Мұндағы бес облыс қуатпен 60 процентке ғана қамтылған. Ал атомдық электр стансасы бұл түйткілді тарқата алады.

Авторы: Бекзат Аманов