Үкімет шаруалардың мәселесін қарады

Ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқамай тұрған түйіткіл көп. Дәл қазір диқандар коммерциялық банктерге тәуелді болып отыр.

Дизель отынының тапшылығы да толық шешілген жоқ. Өңірлердегі кәсіпкерлер жанармайды транзиттік көліктерге құюды жөн көреді, ал төмендетілген бағамен алуы тиіс шаруалар дизель үшін ұзынсонар кезекте тұруға мәжбүр. Бұл туралы Премьер министр Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында айтылды.

Саланың серпілісіне кедергі келтіретін келеңсіздіктерді жою үшін енді субсидиялау ережесі де қайта қаралады. Ал талапқа бағынбаған жанармай құю бекеттері лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бүгін осындай жаза түрі де қарастырылды. 

"Бұл мәселелер жақын арада реттеледі", - дейді жауаптылар. Одан бөлек кей шаруалардың барлық өнімді экспортқа шығарып жатқаны айтылды. Соның салдарынан бірқатар өнір тапшы болып, бағаның шарықтауына әкеп соқтыруда. Сондықтан Үкімет басшысы тауардың бір бөлігі ішкі нарықта сатылуы керектігін айтып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді.