Еңбекшіқазақ ауданында заманауи үлгідегі жеміс-жидек қоймасы ашылды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Бәйдібек би ауылында заманауи үлгідегі жеміс-жидек сақтайтын қойма ашылды. Нысанды «KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясының қолдауымен “Аrnau Аgro” компаниясы салған. Сыйымдылығы екі мың тонна. Қойма елімізді сапалы жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп ғана қоймай, Қазақстанда өсірілетін алмаларды шетелге жеткізуге мүмкіндік береді.

“Аrnau Аgro” компаниясының мақсаты Қазақстандағы алма бақтарын қалпына келтіру. Мұнда жемістер Италия мен Нидерландыда жасалған заманауи технологиялар арқылы өсіріледі. Алманың экспорттық тауар ретінде әлеуеті зор. 70 гектардан астам аумақта егілген бау-бақша тамшылатып суару жүйесімен, су бассейнімен қамтылған. Енді жаңадан ашылған алма сақтайтын қойма жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. 

Руслан Оспанов, "Arnau Agro" ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

- Бұл қоймада 2 мың тонна жеміс сақтауға болады. Мұнда реттелетін газды орта жүйесі мен қарапайым мұздатқыш бар. Келесі жылы дәл осындай жүйемен жабдықталған, қуаттылығы 3 мың тонна қойма саламыз.

Қойманың басты ерекшелігі мұнда ауаның химиялық құрамын өзгертуге болатын арнайы бокстар бар. Мұндай ортада жемістер бір жылға дейін сақталады. Қазір отандық өнім Ресейге экспортталуда. Алдағы уақытта экспорттық әлеуетті кеңейту жоспарлануда. Ол үшін серіктестік «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «KazakhExport» компаниясының қолдауын пайдаланды. 

Ернұр Көшкінбаев, KazakhExport сақтандыру компаниясының Алматы қ. және алматы облысы бойынша өкілі:

- Kazakhexport ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары аясында отандық кәсіпкер өзі жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік ала алады және де шетелдік сатып алушының төлемін сақтандыра алады. Сонымен қатар тиімді мөлшерлемелермен қысқа мерзімді қарыз қаражат ала алады.

Жалпы 2016 жылдан бері KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы отандық бизнеске 603 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Атап айтқанда, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да шикізаттық емес салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың дамуына көмектесті.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев