Қазақстанда дизель қоры жеткілікті – ҚМГ

Ел Үкіметі дизель отынына сараланған баға белгілеп, мұнай нарығындағы жағдайды реттеуге күш салып жатыр. Кей өңірлерде жанар-жағармайға маусымдық тапшылықтың туындағаны рас, бірақ елдегі үш мұнай өңдеу зауыты да үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Дизель қоры да жеткілікті. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері Павлодар облысындағы жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

Елде мұнай өнімдерінің өндірісі тұрақты өсіп келеді. Биыл  үш зауыт өткен жылмен салыстырғанда қуаттылықты 1 млн тоннаға арттырмақ. Осылайша өндіріс ошақтары осы жылы алғаш рет 17 млн тонналық өнім шығармақ. 

Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" АҚ ҰҚ Басқарма төрағасы:

- Отандық тұтынушы тапшылық көрмеу керек. Ұлттық компания өз тарапынан үш мұнай өндіруші зауыттың апатсыз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, өндірістік бағдарламаның іске асырылуы  мен өндірістік көрсеткіштің орындалуын бақылауда ұстайды.

Ұлттық компанияның дерегі бойынша биыл дизельді тұтыну кемінде 800 мың тоннаға өседі. Ал осы жылғы сұраныс 5,5 млн тоннаны құрайды деп күтіледі. Бұл межеге жету үшін инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Зауыттар үш жыл сайынғы жөндеу кезеңіне  көшу керек, дейді мамандар.

Қуаныш Бишімов, "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС-нің бас директоры:

- Биыл 5 млн 488 мың тонна мұнайды өңдеу мақсаты тұр. Қазіргі уақытта зауыт жоспарлы түрде жұмыс істеп жатыр. Кестеден ауытқушылықтар жоқ. Зауытты үш жыл сайын жөндеуге тоқтату үшін бір ай ішінде жол картасын әзірлейміз.

Ішкі нарықта өнім тапшылығын болдырмау үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуін келесі жылға шегеру шешімі қабылданды. Ал зауыттардан жанар-жағармайды үздіксіз жөнелту мақсатында вагондар мен локомотивтерді уақтылы беру жұмысы  күшейтілмек. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат