Берлинде Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің мәжілісі өтті

Берлинде стратегиялық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің 13-мәжілісі өтті. Басқосуда экономикалық дағдарыстан шығу жолдары мен бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды. Іс-шараға қатысқан қазақ және неміс компанияларының басшылары сауда-экономикалық серіктестік аясын бұдан да ұлғайту қажет деп тарасты.

Екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жақсы дамып келеді. Былтыр өзара сауда айналымы 35 процентке өсіп, 5 миллиард еуродан асты. Ал биыл жарты жылда бұл көрсеткіш тағы 80 процентке артты. Форумды ашқан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Раимбек Баталов екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап кетті. Ол неміс әріптестеріне экономиканы әртараптандыру және бизнес-салада заңнаманы жетілдіру бойынша  Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған мақсаттары жөнінде айтып берді. Қазақстан неміс бизнесімен ,,бір терезе,, қағидаты бойынша жұмыс істеп, өндірісті ашуға қажетті барлық рұқсатқағаздар мен сертификаттармен қамтамасыз етуге дайын. Сондай-ақ, Раимбек Баталов неміс тауарлары, құрал-саймандар мен жабдықтар және фармацевтикалық өнімдерді тікелей Қазақстанға және әрі қарай Орталық Азия нарықтарына жеткізіп тұруды ұсынды.

Раимбек Баталов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы:

- Елімізде болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістер неміс бизнесіне сенім беріп отыр. Компаниялар Қазақстанға өндірісін  ауыстыруға қызығушылық танытты. Оларға ,,бір терезе ,, қағидаты керек және біз Ұлттық Палата ұсынысы бойынша Германиядағы елшілігімізбен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Осындай мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жемісін әкелуге тиіс және оны жақын арада көреміз деген үміттемін.

Михаэль Хармс, Германия экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры:

- Болашақ ынтымақтастығымыздың нақты басымдықтарын белгіледік. Ең алдымен, бұл пайдалы қазбалар бойынша серіктестігімізді қайта жандандыру, жасыл экономикаға ауысу бойынша ынтымақтастығымыз. Үшіншіден логистка мен көлік саласы және төртіншіден ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта нақты жобалар белгіледік.

Германия жағынан Іскерлік кеңестің төрағасы Нико Варбанофф «Глобал Гейтуей» еуропалық жобаны бірлесіп жүзеге асыру үшін баламалы көлік дәліздерін кеңейту бойынша компанияларды жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Бұл бағдарға қатысатын барлық мемлекет пайда алады дейді ол. Ал «Байтерек» басқармасының төрағасы Қанат Шарлапаев холдинг пен еншілес компанияларының жұмысы туралы айтып берді.

Қанат Шарлапаев, “Байтерек” АҚ Басқарма төрағасы:

- Қазақстан-Германия іскерлік Кеңесінің бүгінгі кезекті отырысы қазақ-германия сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының кеңеюіне жаңа серпін береді. Екі ел арасындағы бизнес өкілдеріне жаңа мүмкіндіктер береді.

Пэр Бродерзен, Германия агробизнес бірлестігінің  басқарушы директоры:

- Агробизнес саласындағы  неміс компаниялары үшін Қазақстан нарығы маңызды. Бұл ең алдымен ірі кәсіпорындарға қатысты. Жаһандық астық нарығында жауапты серіктес ретінде Қазақстанның  қазіргі әрекетіне ризамыз. Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның еңбегін бүкіл дүние құптап отыр деп ойлаймын.

Іскерлік Кеңес мәжілісінде кәсіпкерлер нақты жобалар белгіледі. Оның жай-жапсарын неміс үкіметі мен бизнес-делегациясының елордамызға сапары кезінде талқылайды. 6 қыркүйекте өтетін Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының отырысы мен бірлескен бизнес-форумында осы екіжақты инвестициялық жобаларды іске асырудың тетіктері әзірленеді. 

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов