«Қазмұнайгаз» компаниясы елімізді битуммен қамтамасыз ету мәселесін талқылады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кешегі Жолдауында жол-құрылыс жұмыстары маусымында ішкі нарықта битум тапшылығына қатысты әділ сын айтқан болатын. Осыған орай «Казмұнайгаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында көшпелі кеңес өткізді. Кеңесте ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту, зауытты жөндеу мерзімі талқыланды.

Битумға деген сұраныс жол құрылысы белсенді жүргізілетін жазғы маусымда артады. Еліміздегі 3 зауыт жылына 800-850 мың тонна битум өндіреді. Алайда, ол да жеткіліксіз болып отыр. Осыған орай, еліміздің бас мұнайшысы бар мүмкіндікті пайдаланып, битум өндірісін арттыруды тапсырды. 

Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- «Каспий битумда» өндіріс көлемін 1,5 есеге, яғни 500-ден 750 тоннаға  арттыруға техникалық мүкіндік бар. Егер елімізде битум тапшылығының көлемі 200 мың тонна екенін ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Демек біз ішкі нарықты толық қамти аламыз.

Жиын барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуеті де сөз болды. Биылғы жылдың  қорытындысы бойынша зауытта мұнай өңдеу көлемі 5 млн тоннадан аспақ.

Мұрат Досмұратов, "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бас директоры:

- Біз өткен айда 157 мың тонна дизель отынын өндірдік. Ол жоспардағыдай әлдеқайда артық. Сондықтан дизель отыны жөнінде проблема жоқ. Рас, өткен тамыз айында жөнелтуге қатысты кешігулер болды. Қазір жағдай қалыпқа түсті.

Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының қыркүйекке жоспарланған жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте Мағзұм Мырзағалиев зауыт басшылығына жағдайды сараптай отырып, жөндеу жұмысына қатысты мәселені қайта қарауды тапсырды.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин