Түркияның TAŞYAPI компаниясы Қазақстанға 2 млрд доллар инвестиция құяды

Түркия елінің TAŞYAPI компаниясы Қазақстанға 2 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға дайын. Басқарма төрағасы Эмрулла Туранлы делегациясымен бірге елордаға келіп, алдағы 3 күн бойы билік өкілдерімен келіссөз жүргізбек. Негізінен компания инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Сондай-ақ бауырлас мемлекеттің өкілдері ауруханалар мен тұрғын үй салуға ниетті.

TAŞYAPI компаниясы 1979 жылы құрылған. 3000 қызметкері бар кәсіпорын биоотын өндіру, құрылыс, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларын дамытумен айналысады. Бұған дейін олар Балқан түбегі, Сербия сынды мемлекеттердің экономикасына инвестиция құйып, түрлі жобаны жүзеге асырған.

Эмрулла Туранлы, TAŞYAPI басқарма төрағасы:

- Қазір біз Қазақстан тарабымен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайында келіссөз жүргізіп жатырмыз. Негізінен автожолдар мен көпірлер салуға басымдық бермекпіз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалып жатыр.ТашЯпи компаниясы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, медицина мен биоотын саласындағы жобаларды да іске асырсақ деген ойдамыз.

TAŞYAPI компаниясы бұған дейін де Қазақстан нарығында жұмыс істеген атап өткен жөн. Болашақта түркиялық бизнесмендер тау-кен металлургиясы саласын меңгеріп, Қазақстан үшін аса маңызды жобаларға қатысуды көздеп отыр. 

Эмрулла Туранлы, TAŞYAPI басқарма төрағасы:

- 2008-2009 жылдар аралығында біз Қазақстан елінің аумағында жұмыс істедік. Кейін Балқан түбегіне ауысып, сол жерде бизнес жүргіздік. Соңғы кезде біздің мемлекеттер арасында әлдеқайда тығыз байланыс орнағанын байқауға болады. Сол себепті біз осында қайтып келу туралы шешім қабылдадық. Ол үшін сомасы 2 миллиард долларды құрайтын инвестициялық жобалар пакеті әзірленді.

Қазір Қазақстан мен Түркиянің өзара сауда айналымы 5 миллиард доллардан асып отыр. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 миллиардқа дейін жеткізу жоспарда бар. Аталған жоспарлар орындалса, Ташяпи компаниясы да осы тиімді әріптестікке сүбелі үлес қосып, ел экономикасын дамытуға серпін берері сөзсіз.

Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев