БҰҰ жанындағы қор еліміздің қаржы ұйымдарымен ынтымақтасу үшін 998 мың доллар бөледі

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жасыл климаттық қоры қазақстандық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты арттыру үшін 998 мың долларды бөледі.

Бұл туралы Оңтүстік Кореяда Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді. Қазақстан  делегациясы Инчхон қаласында өтіп жатқан Жасыл климат қорының екінші жаһандық конференциясына қатысты. Халықаралық форум аясында Зүлфия Сүлейменова қор өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Қор қазірдің өзінде Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы Шығыс Қазақстан облысындағы Жалғызтөбе елді мекенінде күн электр станциясының құрылысына несие берді. Қазір қазақстандық қаржы ұйымдарын Жасыл климат қорына аккредитациялауға дайындық басталды. Бұл GCF қаражатын Қазақстандағы жасыл жобаларға пайдалануға мүмкіндік береді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Энергетикалық тиімділігін жоғарлату немесе көмірден жаңартылатын энергия көздеріне көшу деген сияқты әртүрлі іс-шараларға қарайтын болсақ сол жағынан әрине оның барлығы қаржыландыруды қажет етеді. Сол себепте осы Жасыл климаттық қор ол осы қаржыландыруды қамтамасыз ететін негізгі тетік болып табылады.