Өзбекстан қазақстандық ұнға алым-салықты көтеріп жіберген

Алдағы 3 жылда елде экспорт үлесі 41 млрд долларға артады. Оның 30 млрд-ы өңделген тауар, қалғаны қызмет түрінде ұсынылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда және интеграция министрлігінің болжамы осындай. Алайда кәсіпкерлер бұған күмәнмен қарайды. Себебі шикізаттық емес өнімдерді сатуда тәуекел көп. Ең алдымен банктер ауыл шаруашылығын қаржыландыруға құлықсыз. Оған логистика жайын қосыңыз. Әкімшілік кедергілер тағы бар. KazakhExport компаниясының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазинның айтуынша, байырғы импорттаушы Өзбекстан қазақстандық ұнға алым-салықты көтеріп жіберген. Есесіне мемлекеттік дотация арқасында біздің бидайды кедергісіз алып отыр. Бұл отандық трейдерлер үшін тиімсіз. Аслан Қалиғазин төлем жасалмаған жағдайда кәсіпорын шығындарын өтеуге болатынын айтады. Айналым капиталын екінші деңгейлі банктерден несие арқылы тартуға болады. Ал компания кредиттік тәуекелді өз мойнына алады. Сақтандыру шығындары тауар бағасына қосылуы мүмкін. Жалпы KazakhExport компаниясы өңделген тауар экспортын қолдауға дайын дейді сарапшы.