Қазақстан – Иран тауар айналымы артады

Қазақстан Иранмен бірқатар тауар бойынша тарифтік кедергілерді азайту арқылы сауда-саттықты арттырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баж салығы мен саудаға қатысты өзге де шектеулерді жою да осыған сеп болмақ. Алдағы уақытта отандық тауарлардың Иран нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар артады. Бүгін Сенат депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімнің мерзімін ұзартуды қолдады. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 84 млн халқы бар Иран мемлекеті біздің өндірушілер үшін жоғары перспективалы нарық. Биылғы жылдың I жартыжылдығында еліміз Иранға 199,1 млн доллардың тауарын экспорттады.

Қайрат Төребаев, ҚР сауда және интеграция вице-министрі:

Иран ірі және маңызды стратегиялық серіктес. Иранның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы нарықтың сыйымдылығын ескере отырып, осындай серіктес сауда-экономикалық ынтымақтастық даму стратегиясының маңызы зор. Уақытша келісім қолданысы басталғаннан бері Қазақстан-Иран арасындағы тауар айналым 16,6% немесе 440 млн доллардан асып түсті.