loader


ҚКФ: жалақы индексациялануы тиіс

Қазақстандықтардың жалақысы инфляцияға сай индексациялануы керек. Сондай-ақ қарапайым еңбек адамы мен топ менеджерлердің жалақысындағы айырмашылық азаюы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде ол 50 есеге дейін барады. Бұған қоса компания немесе кәсіпорынның табысы әділ бөлінуі керек. Кәсіподақтар федерациясы осындай бастама көтеріп, Еңбек туралы заңға енгізуге ниетті. Кәсіби мереке қарсаңында салалық әрі өңірлік кәсіподақ өкілдері елордаға жиналып, «Бірлік. Әділдік. Даму» тақырыбында ынтымақтастық форум өткізді. Әрқайсы өз саласындағы проблемаларды көтеріп, шешу жолдарын ұсынды. Мәліметтерге қарағанда елде жылына 2 мыңдай адам өндірістік жарақат алады. 200-дейі жұмыс барысында қаза табады. Зерттеу көрсеткендей, қайғылы жағдайлардың 70% жұмыс беруші кінәлі болған. Өйткені өндірістегі технологияны жаңартуға қаржы салмай, еңбек қауіпсіздігін бұзады. Қайғылы жағдайды зерттеу еңбекақы сомасын белгілеуде де жұмыс берушіге басымдық берілген.

Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Қазіргі таңда елімізде 154 мыңнан астам ұжымдық шарт бекітілген. Соны зерделеген кезде соның 10% ғана индексациялау мәселесі шешілген. Бұл не деген сөз? Екіжақты келіссөз болған кезде әлі де жұмыс берушінің әлеуетінің жоғары болып тұрғанын көрсетіп тұр. Әлі де кәсіподақтардың немесе еңбеккерлердің я біліктілігі, я білімі, я өзінің құқықтық деңгейлері жетіспейтіні білініп тұр. Индексацияны бәріне бірдей беруіміз керек деп жатқан жоқпыз. Мысалы, миллионнан асқан басқа да табысы көп топ менеджерлерге ол түкке де керегі жоқ. Оны қарапайым ең төменгі жалақы алатын қызметкерлерге беру керек. Оның да деңгейін анықтауға болады. Осы индексацияны қалай өткіземіз, қандай деңгейде төленуі керек, осыны Үкімет баяғыда бекітуі керек еді. Сол себепті Үкіметке ұсынып отырмыз.

 

Сондай-ақ...