Сусын өндірушілер қанты бар өнімдерге акциз салығын енгізбеуді сұрады

Сусын өндірушілер үкіметке құрамында қанты бар өнімдерге акциз енгізбеу туралы тағы да өтініш жасады.

Бұл жайт Алматыда өткен баспасөз конференциясында сөз болды. Акцизді енгізу «Дені сау ұлт» жобасының аясында 2025 жылға дейін жүзеге аса бастайды деп жоспарланған. Келесі жылы акциздің мөлшері 20, ал болашақта 45 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығы өкілдерінің пікірінше мұндай бастама тұтас саланы құрдымға кетіруі мүмкін. Оның үстіне шырын мен газдалған сусындарға салықты көбейту іс жүзінде артық салмақпен күресуде ешқандай пайда бермейді. «Тұтынушылар арзан әрі калориясы көп өнімдерді қолдана бастайды»,-дейді қауымдастық өкілдері. Өндірушілер бұл сала өзін-өзі реттеуге тиіс деп есептейді. Соның бастамасы ретінде бүгін қазақстандық тоғыз ірі компания «Ерікті міндеттемелер кодексіне» қол қойып, сусындардағы қанттың орташа мөлшерін 10 пайызға азайтатын болды.  

Айтуар Қошмамбетов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Осы акциз енгізілуден бастасақ, онда тіпті сусындар алкогольді сусындардан да қымбат болуына алып келуі мүмкін. Және де көптеген адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін, компаниялар жабылуы мүмкін. Біздің Қазақстанда жақсы дамып келе жатқан сала. Олар да салық төлеушілер. Мыңдаған адамдар жұмыс істеуде. Біздің Алматы қаласын алатын болсақ ондай компаниялардың саны 200-ден асады. Ол да үлкен цифра.