Қостанай облысындағы ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатуы мүмкін

Себебі кәсіпкерлерге вагондардың уақытылы берілмеуінен дайын өнімдерін тұтынушыларына жеткізе алмай отыр.

Олар бұл мәселені көтеріп, дабыл қаққандарына біраз болды. Бірақ әлі күнге темір жол саласындағы түйткілдер түбегейлі шешілген жоқ.

Металл өңдеп, темір арматуралар шығаратын зауыт Қостанайдағы ірі кәсіпорындардың бірі. Өнімдерінің 80 процентін Қазақстан бойынша өткізсе, қалған бөлігін экспортқа жібереді. Тұрақты жұмыс істеп тұрған өндіріс орынында қыркүйек айынан әуре-сарсаң басталды.Вагондар уақыты берілмегендіктен, тасымал тоқтады. Қазір кәсіпорынның қоймасы дайын өнімге лық толы. 

Олег Петров, темір өңдеу зауытының бас директоры:

- Бір айдан бері бос вагондарды жеткізу, тиелгендерін алып кету жұмысы тоқырап тұр. Біз не істерімізімзді білмей далмыз. Қоймада он мың тонна дайын өнім жиналып қалды. Бұл мәселе жақын арада шешілмесе, өндірсті тоқтатуға мәжбүр боламыз.

Қостанай станциясында жүк вагондарын тапсырыс берушілерге жеткізіп, алып кетумен «Қазақстан темір жолы» компаниясынан тыс екі жекеменшік  фирма айналысады. Сол құрылымдар  арасында әділ бәсекелестіктен гөрі, жымысқы әрекеттер басым сияқты.

Николай Краснощеков, локомотивпен вагон тартатын жекеменшік оператордың бас директоры:

- Қостанай станциясында әдеттегі жүріп жүрген жолымызға кіргізбей қойды. Біздің қолымызда келісім-шарт бар, «Қазақстан темір жолының» жергілікті филиалы  соны өрескел бұзып, вагондардың қозғалысына көпе-көрнеу кедергі жасайды.

Темір жол бойында поездардың кептелісі туындауына бірнеше жәйт себеп болған. Соның ішінде ең негізгісі әлемдегі геосаяси жағдай. Ресей, Қытай, Орталық Азия  бағытында бірнеше жүк поездары діттеген жеріне жете алмай жолды бітеп, ел аумағында қаңтарылып тұр. Одан кейін Әуликөлдегі өртке байланысты бір жарым күнге темір жол қозғалысы тоқтады.

Мәрлен Көкірекбаев, "ҚТЖ-жүк тасымалы" ЖШС бас инженері:

- Енді сол уақыттарда бізде поездар жиналып, содан бастап, бізде қиыншылықтар басталды. Бүгінгі күні осы жақтағы бізде енді көмекке  тағы да локомотивтер жіберілді. Одан басқа мынау Қостанай станциясына тағы да үш локомотив әкеліп, осы жерде енді жұмыстың бәрін уақытында дер кезінде вагон беру, шығару уақытында жасалып жатыр.

Қостанай станциясында қалыптасқана ахуалға байланысты мүдделі тарап өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы бір апта осында жұмыс істеді. Соның нәтижесінде жағдай  оңала бастағандай. Бізбен тілдескен темір жол саласының өкілдері Қостанай темір өңдеу зауытына кешелі бері сексен вагон жіберілгендігін айтты.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров