Созақ ауданындағы үш ауыл халқының 96% жұмыспен қамтылған

Түркістан облысы Созақ ауданының Қаратау ауылдық округінде үш елді мекен бар.

Онда 325 түтін, екі мыңнан аса халық тұрады. Дені уран өндірісі мен алтын кенішінде жұмыс істейді. Халықтың 96 пайызы жұмыспен қамтылған. Үш ауылда 3 отбасы ғана атаулы әлеуметтік көмек алады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елдімекендегі әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр.

Қарт Қаратаудың еңісін жайлаған Созақ ауданын халық Теріскей деп те таниды. Қаратау ауылдық округіне Ақсүмбе мен Сарыжаз елді мекендері кіреді. Аудан орталығынан шалғайда ораласқандықтан тоқырау жылдары ауылдың тоз-тозы шығып, халық қалаға үдере көшкен. Ауыл тұрғыны Ергешбай қарияның айтуынша, соңғы 2-3 жылға дейін мұндағы көшелерге жаңа асфальт жабындысы төселмеген. Жарық шамдар болмаған. 

Ергешбай Тұрлыбеков, Қаратау ауылының тұрғыны:

- Көшу, әр жерде бұзылған тамдар еді. Әр үш үйдің біреуі бұзылып жатты. Қазіргі уақытта алды екі қабатты тамнан салып жатыр. Ол не деген сөз, ол халықтың жағдайы бұрынғыдан әлде қайда жақсы деген сөз. Жол бәрі асфальтталды, бір көше қалды. Оны әкім келесі жылға деп уәде берді.ал жарық бойынша бір көше қалды, қалған көшенің бәрінде свет жарқырап тұр.

Округ орталығы - Қаратауда жаңа әкімдік ғимараты бой түзеді. Құрылыс жұмыстары аяқталып, енді сырты мен ауласын абаттандыру жұмыстары қалған. Республика күні ел игілігіне пайдалануға берілмек. Жоба құны 87 млн теңге. Бұдан бөлек жақында шағын футбол және балалар ойын алаңдары ашылып, пайдалануға берілді. 

Оразхан Ермахан, Қаратау ауылдық округінің әкімі:

- Осы ауылдың өзінде үш елді мекен толық жарықтандырылды. Енді мына бір көшемізді осы қазан айында бюджетке қаралып, жеңімпазы анықталады. Ақсүмбе елді мекенінде 2 көше, Сарыжаз елді мекенінде 2 көше жарықтандырылған. Асфальтқа келетін болсақ Сарыжазда 2 көше жөнделді. Ақсүмбеде сметасы жасалып, келесі жылғы бағдарламаға енгізілді. Қаржысы қаралған. Қаратауда бір көше қалды, 6-ы асфальттанды. 

Ауыл халқы алыс-жақындағы ағайындар мен осы ауылда туып-өскен азаматтардың ұйымдастыруымен Қаратау ауылдық округінің 60 жылдығын тойлады. Осы ауылдан шыққан белігілі журналист Жылбек Сембекұлы «біз 60 жылдық» деп козхоз құрылған кездеп бастап есептеп жүрміз. Негізі ауылдың тарихы тереңде екенін айтады.

Жылбек Сембекұлы, журналист:

- Бұл ауылдың өзі аядай ауыл болса да, талай мықтылар шыққан, осы жерде еңбек еткен, туып-өскен, жан-жақта еңбек етіп жатқан азаматтарымыз бар. Бұл да өнеге кейінгі ұрпақтарға. Атадан әкеге, әкеден балаға жалғасып келе жатқан ұрпақ сабақтастығы бар. Кейінгі жастардың арасында қызметте жүргендері бар. Кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтарымыз бар ауылда, мысалы тұрмысы нашар тұрғындарға көмектесіп жатады.  

Мерейтой аясында ақындар айтысы, жазба ақындар мүшәйрасы, қазақша күрес, аламан бәйге ұйымдастырылып, ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы мереке көркін қыздырды. Ең бастысы ауылдың 60 жылдық тарихына қатысты деректерден құралған естелік кітаптың тұсауы кесілді.

Мақсат Қарғабаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы:

- «Мекен тауым, мерей тауым» деген атпен жинақ ұйымдастырдық. Ойдан алған ешнәрсеміз жоқ. Халықтың ішіндегі әңгімелер, ел ішіндегі еңбек адамдары, жоғары деңгейдегі марапат иесі атанған азаматтар, шаруашылықтағы егіншілер, шопандар дегендей сол кісілердің еткен еңбектерін осы кітапқа қосып, толықтыруға тырыстық. Бұл 60 жылдағы ең алғашқы кітап. 

Жастық ғұмырын еске түсірген қариялар мен бірнеше жылдан бері көріспеген ауылдастар, ағайын-туыс бір-бірімен құшақ жайысып мәз-мейрам болды. Аудан басшылары ауылдың гүлденуі мен өркендеуіне еңбегі сіңген бірқатар ардагерлер мен ауылдан шыққан іскер азаматтарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш