«Атамекен» ұлттық палатасының бірқатар функциясы қысқартылады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірқатар функциясы қысқартылады. 

Бұл туралы кәсіпкерлік палатасы төралқа төрағасы Райымбек Баталов «Экономика» бағдарламасында берген сұхбаты кезінде айтты. Оның айтуынша, жүктелген міндеттемелер тым артық. Ұлттық палата бизнесті дамытуға қажетті бағыт бағдар берудің орнына түрлі экономикалық құжаттарға талдау жасап сараптама жүргізуге мәжбүр. Бұл кәсіпкерлік саласына кері әсерін тигізіп отыр. Ұлттық палата осы сияқты міндеттемелердің бір бөлігін бәсекелестік ортаға шығаруды көздеп отыр. Бұл реформа бірінші кезекте салалық және өңірлік саясатқа негізделмек.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы:

- Реформаны жасамас бұрын жұмысшы топ құрылып, барлық өңірлерді аралап сауалнама жасалды. Біздің жұмыс салалық кәсіпкерлікті шоғырландыруға бағытталған. Сол арқылы кәсіпкерлікке бағыт бағдар беріп бағдарламалардың нақты жүзеге асуын қамтамасыз етуіміз керек. Нарық үшін ортақ ашық ереже жасақталуы тиіс. Ұлттық палатаның жұмысы  кәсіпкерлердің мәселесін шешуге тікелей бағытталуы қажет.