АҚШ экономикасы құлдыраудан кейін өсті

АҚШ-тың экономикасы жарты жылдық құлдыраудан кейін үшінші тоқсанда 2,6 процентке көтеріліп, оң өсім көрсетті.

Оған себеп сауда-саттық көлемінің артуы болып отыр. Дегенмен сарапшылар бұл уақытша көрсеткіш екенін айтады. Себебі қыркүйектегі инфляция 8 проценттен асып кеткен. Американдықтардың жалақысы өскенімен жоғары инфляция бәрін жұтып қойды. Тіпті халықтың жинақтарына да кері әсерін тигізді. Жалпы алғанда баға 8,2 процентке өсті, ал азық-түлік, бензин және ең қажетті заттардың құны әлдеқайда жылдам қымбаттады. Сарапшылар Американың ішкі жалпы өнімінің өсуі алдағы айларда бәсеңдейді деп болжайды. Өйткені тұтынушылар мен бизнеске федералды резервтің жоғары пайыздық мөлшерлемесі  әсер етеді.

Алекс Пеле, экономист:

- Менің ойымша жоғары инфляция әлі де маңызды мәселе болып отыр. Сондай-ақ жанармай бағасы да сәл көтерілгенін байқаймыз. Алдағы уақытта да бензин бағасының арзандауы неғайбыл. Сондықтан оған сеніп отыра алмаймыз. Мен дәл қазір АҚШ экономикасы рецессияда деп ойламаймын. Бірақ 2023 жылы немесе одан кейін рецессия болуы әбден мүмкін.