Еліміздің мақта шаруашылығындағы мәселелер талқыланды

«Мақта өсіру мәселесін облыс әкімдігі деңгейінде шешу мүмкін емес».

Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен жиында Парламент Мәжілісінің депутаттары саладағы өзекті проблемаларды көтерді. Жауапты министрлік өкілдеріне мақта шаруашылығына көңіл бөліп, орын алған мәселелерді бірлесе шешуге шақырды. Тілшімізде осы жиынға қатысып, тараптарды тыңдап қайтты.

Жиынға Сыртқы істер, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарлары мен Индустрияны дамыту комитетінің төрағасы онлайн, ал өңір басшысы мен мәжіліс депутаттары және мақташылар мен мақта қабылдау зауыттарының басшылары офлайн қатысты. Өңірде мақта бағасына қатысты мәселенің көтерілгеніне 1 айдан асты. Жергілікті билік пен шаруалар шулап жүріп,  бағаны 200 теңгеден 350-370 теңгеге дейін көтеруге ықпал етті. Халық қалаулысы Сырым Ертаев осы мәселеге ауыл шаруашылығы министрлігінің араласпай, шет қалуын сынға алды.  

Сырым Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шаруалардың шулап жүргеніне біраз уақыт болды. Саястты білдіңіздер, барлық ақпарат қорлдарыңызда бар. Былтыр қанша өнім алды, биыл қанша өнім алды. Қазіргі өніммен салыстыратын болсақ, 100 млрд теңгеге дейін жүк болып жатыр. Осыны шешу үшін шаруаларға келдіңіздер ме? Көмектесіп, жолын көрсетуге ықпал еттіңіздер ме?

Жауапты министрлік мақта талшығы жеңіл өнеркәсіпке жататындықтан ол ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне кірмейтінін алға тартты. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі іске асыратынын жеткізді. Алайда мақта талшығын өңдеуге арналған екі ірі жоба 2 жылдан бері қолдау таппай келе жатқанын айтты. 

- Бұл жобалар іске асқан жағдайда жылына шамамен 53 мың тонна мақта талшығын өңдейтін зауыттар іске қосылуы керек. Алайда бұл жобалар қазір созылып кетті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды тездету керек болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзретінде ол.

Жиында жыл сайын қайталанатын өзекті мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылды. Бірақ оның бәрін жауапты сала басшылары бірі елордада, екіншісі алқап басында жүріп емес, дөңгелек үстел басында бірге отырып шешу керектігі айтылды. Диқандар да өз ұсыныстарын ортаға салды. Олардың айтуынша, алдымен халықты сапалы мақта егіп, таза теруге үйрету керек. Ал шаруалардың қазіргі өндіріп жатқан мақтасы да, зауыттардың шығарып жатқан өнімдері де биржаға сай келмейтінін жеткізді.  

Жарқынбек Қанаев, диқан:

- Барлық мәселе жүйеде. Жүйені өзгерту керек. Ол үшін зауыт салу керек. Шаруаға балама зауыт болу керек. Мен шаруамын ба, мысалы, 200 тонамды зауытқа апарып саттым, 500 тонамды қайта өңдеуге тапсырдым. Болды. Сол мәселе бұл жерде шешілмей жатқан. Бұл жерде халықтың айтып отырғаны зауытты тездетіп салу керек. Бәсекелестік болады. Мақтаның сапасын жақсартсақ, бұл проблема шешіледі. 

Шитті мақта шикізат күйінде экспортталатындықтан мақта бағасы шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді. Мамандар осыдан арылу үшін өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл жөнінде Үкіметтің алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне қарау үшін ұсыныс енгізілетін болды. Осыған орай жиын соңында орталық атқарушы органдарға бірқатар мәселені назарға алып, оң шешілуіне ықпал жасау сұралды. Өйткені қазір мақта мәселесін тек облыс әкімдігі деңгейінде шешу мүмкін емес.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш