Алматыда өндірістік ипотека іске қосылады

2023 жылы Алматыда өндірушілерге арналған ипотека іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағдарлама игілігін шағын өндірістік парк құруға не сондағы белгілі бір аумақты сатып алуға ниеттілер көре алады. Жоба «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асады. Болжам бойынша кәсіпкерге 7 жылға 500 млн теңге көлемінде несие беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі 70 млн теңгеге дейінгі қарыз үшін жылдық 2 пайызбен, 70 млн теңгеден асса жылдық 6 пайызбен беріледі. Шағын өндірістік парктен алынатын нысан кепілдікке қойылады. Бұл өнім осылайша кәсіпкерлікті қорғау бағдарламасы бойынша банктерге ұсынылады. Алматыда қазір 8 өндірістік парк бар, тағы 11-і салынып жатыр. 2030 жылға қарай оның саны 100-ге жетеді.