Қарағанды облысында кенші мамандар жетіспейді

Қарағанды облысындағы 8 бірдей кен орнында әлі де болсын кеншілер тапшы.

Бұған қоса құрал-жабдықтардың жаңартылмай отырғаны да өзекті мәселеге айналды. Тіпті кейбір кеншілер шағын механикалық құрал-жабдықтарды өз қаражатына сатып алады. Шахтерлердің талабы бойынша құрылған келісім комиссиясының отырысында осындай мәселе көтерілді. Аталған комиссия былтыр Абай шахтасында апат болып, 6 кенші көз жұмғаннан кейін құрылған. Онда жұмыс берушіге 12 талап жолданған. Бастысы жылдық жұмыс жоспарының орындалысы ескерілмей-ақ 13-жалақыны төлеу, әр жылдың басында инфляцияға байланысты айлыққа индексация жасау қолға алынды. Өңірде кеншілерге 5 пайызбен ипотекалық баспана беру мәселесі жүзеге асырылып жатыр. Саны тым аз болса да жаңа техника алынған. Қойылған талаптардың бірі кадр мәселесі болатын. Кеншілер ай сайын жұмысқа жаңадан 100 қызметкер алуды талап еткен. Бұл тұста кәсіподақ өкілдері жыл соңында еш бір кен орнының штаттық мәселесі толыққанды шешімін таппағанын айтып отыр. Себебі жұмысқа қабылданғандар болғанымен, кетіп жатқандар да жетерлік. Сондықтан комиссияның кезекті отырысында комбинат өкілдеріне бірқатар ұсыныс жолданған. Еске салсақ, Қарағанды облысындағы 8 көмір шахтасы мен 6 ашық өндіріс ошағында барлығы 13 500-ге жуық адам жұмыс істейді.

Евгений Буслаев, "Қорғау" кеншілер кәсіподағының төрағасы:

- Егер жыл басындағы жұмысшылар санымен дәл қазіргі уақытта салыстырсақ, жаңадан жұмысқа қабылданғандар саны 500 адамнан асады. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Бірқатар кешенді мәселелер бар. Жұмыс беруші еңбек нарығында қажетті мамандардың тапшылығы барын айтып отыр. Сондықтан мемлекеттік органдармен де байланыс жасап, оқу орындарында техникалық бағытта мамандар оқыту керек. Ал біз біліктілігі төмен болса да жастарды жұмысқа көптеп алуды талап етіп отырмыз. Кейін жұмыс кезінде оқытып, мықты маман болып шығатын мүмкіндігі болады. Бірақ бұл белгілі бір уақытты қажет етеді.