Ауыр және адамды жалықтыратын жұмыстарды роботтар атқарады

Оксфорд университетінің зерттеуі бойынша әлемде 2023 жылға қарай қазіргі мамандықтардың 57-сі жойылады.

Ауыр әрі адамды жалықтыратын жұмыстардың барлығын бірте-бірте роботтар мен компьютерлер істей бастайды. Осы мәселе Алматыда басталған Креативті индустрияның бірінші апталығына арқау болып отыр. Халықаралық форумға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Италия, Ұлыбритания және Польшадан 130 делегат қатысып жатыр. Креативті индустрия – экономиканың жаңа саласы. Ол интеллектуалды әлеуетпен тығыз байланысты. Сарапшылардың пікірінше бұл бағыт экономиканың драйверіне айналуы тиіс.      

Данияр Аманалиев, кәсіпкер /Қырғызстан/:

- Орталық Азия елдерінде жастар өте көп. Олар өсіп, жұмыс істеймін дегенше біраз мамандық жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан қазірден бастап өскелең ұрпақты креативті экономикаға бейімдеуіміз қажет.

Бүгінгі таңда көптеген елдерде Ішкі жалпы өнімдегі креативті экономиканың үлесі 12 процентке жетті. Ал Қазақстанда 2 процент төңірегінде. Былтыр үкімет бекіткен Креативті индустрияны дамыту туралы тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік қолдау осы саланың экономикадағы үлесін 5 процентке дейін жеткізеді. Маңызды бағыттары белгілі. Бұл заманауи өнер, кино, музыка, қолөнер және цифрлық өнер. Әуелі креативті индустрияны Астана, Алматы мен Шымкентте дамытуға ден қойылады. Қалалардың тізімі біртіндеп кеңейе бермек.

Ержан Еркінбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Жыл соңына дейін заң күшіне енеді. Мәдениет және спорт министрлігі қор құрып, креативті индустриядағы жобаларды қаржыландыру үшін мандаттарды береді. Болашақта дарынды адамдарды қолдап, олардың шығармашылық өніміне ақша салып, әртүрлі нарықта сол өнімдерді сататын, осы арқылы ақша табатын венчурлік қорлар пайда болады деген үмітіміз бар.