Үкімет пен бизнес арасындағы байланыс тиімділігі артты

Елде бизнеске қойылатын талаптың 6 мыңнан астамы ережеге сай емес. Бұл кәсіпкерліктің тек 18 саласына ғана жүргізілген талдау жұмыстары кезінде анықталған шикілік. Қазір мемлекеттік органдар олқылықты жою үшін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытында жұмысты бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасымен кездесу кезінде Премьер-министр Әлихан Смайылов осыған мән берді. Үкімет басшысының айтуынша, тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша жұмыстар жалғасады. Нәтижесінде заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым айтарлықтай төмендейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Бизнесті, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мәселесі Үкімет үшін өте маңызды. Бизнестің проблемаларын біз күнделікті түрде қараудамыз. Сондықтан бұл мәселелерді әрі қарай да сіздермен бірге жүргіземіз.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

Отандық кәсіпкерлер кеңесі, министрліктер жанындағы жұмыс топтарының оң нәтижесін көріп отырмыз. Әр сала бойынша шешуді қажет ететін стратегиялық мәселелерге басымдық берудеміз. Бұл бизнес қауымдастықтарын ынталандырады.