Орталық Азия Еуропаны газбен жарылқай ала ма?

Соңғы он жылда Еуропалық Одақ Орталық Азия мемлекеттеріне 120 миллиард доллардан астам инвестиция құйды.

Орталық Азияның да ұсынары көп. Мысалы, қазірдің өзінде Қазақстан Еуропа елдеріне жылына 5 миллион тоннадан астам бидай экспорттайды. Өзбекстан Еуропаға өңірлік туризмді дамытуға қосылуды ұсынады. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан ЕО-ның су-энергетикалық ресурстарды пайдалану және әртүрлі пайдалы қазбаларды өңдеу жөніндегі бірлескен жобаларға қатысуын күтеді. Бұдан бөлек Еуропа үшін сезімтал – газ мәселесі бар. Көгілдір отынды тасымалдау үшін арада құбыр тарту мүмкіндігін қазір тараптар жан-жақты талқылап жатыр. 

Жұмабек Сарабеков,  әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Еуропа ОА тұтас аймақ ретінде қарастырып, осы ОА мемлекеттерінде инвест жобаларды жүзеге асыруға мүдделі деп ойлаймын. Себебі энергетикаға келсек Еуропа Ресей газынан бас тартып жатыр. Бұл Еуропа үшін өте сезімтал мәселе және алдағы уақытта экономикалық проблемалар туғызуы мүмкін. Сондықтан Еуропа үшін жетпей жатқан энергия ресурстарын қосымша альтернативті қуат көздерімен толықтыру керек. Бұл жерде Әзербайжан өзінің Еуропаға газ экспортын өсіруді мәлімдеп отыр. Сонымен бірге Түрікменстанда да газ көп. Бірақ ол газды Еуропаға экспорттау үшін Каспий арқылы газ құбырын жүргізу керек.