ҚДБ отандық экспорттаушыларды қолдауға дайын

Қазақстанның даму банкі отандық экспорттаушыларды қолдауға дайын.

Жыл соңына дейін қаржы ұйымы, кәсіпкерлерге 34 миллиард теңге бөлмек. Бұл ақша есебінен экспорттаушылар өз өнімін шығарып, қажетті шығындарын өтей алады. Қомақты қаражатты алудың, шарттары қандай? 

Қазақстанның даму банкі 2015 жылдан бері "Нұрлы жол" бағдарламасының аясында қаржыландыруды іске асыруда. Осы уақыт аралығында көптеген бизнес өкілі қаржылай қолдау алып үлгерді. Былтырдың  өзінде 15 экспорттаушы осы ақша есебінен шикізат сатып алып, тауарын шетелге жөнелтті.  

Айнаш Қойбағарова, Қазақстан даму банкінің аға банкирі:

- Қазақстан даму банкі қызметінің бір бағыты - экспорттаушыларды қолдау. Оларға 34 миллиард теңге беруге дайынбыз. Банк сыртқы нарықта ресурстарды тиімді шарттармен тарта алатынын атап өту керек. Осы опция арқылы кәсіпкерлер өздері үшін тартымды шарттармен несие ала алады.

Жыл соңына дейін Қазақстанның даму банкі 34 миллиард теңге бөледі. Әр кәсіпкер бұл соманың кем дегенде 1 миллиардына қол жеткізе алады. Ол үшін экспорттаушы банкке өтініш беріп, 2 кезеңнен тұратын сараптамадан өтуге тиіс. 

Айнаш Қойбағарова, Қазақстан даму банкінің аға банкирі:

- Тек несие көлемі бір миллиард теңгеден жоғары болуы керек.  Кәсіпкерлер тартылған қаражатты экспорттық өнімді өндіру қажеттіліктеріне жұмсай алады. Несие алуға өтініштерді және құжаттарды жіберу қарастыру процедурасы жеңіл әрі қолайлы.

Аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер үшін толық ақпарат Қазақстан даму банкінің ресми сайтында жарияланған. Осы Портал арқылы несие алуға өтініш жіберуге болады.

Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев