Бизнес өкілдерін тұрақсыз салық саясаты сергелдеңге түсірді – Атамекен ҰКП

Осының әсерінен кәсіпкерлер жылдық шығынын жүйелі жоспарлай алмай келеді. Бұдан басқа да көкейтесті мәселесі көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бірқатары бүгін Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының 10-сьезінде көтерілді. Еліміздің әр өңірінен жиналған делегаттар наразылығын ашық алаңда айтып, жауапты мамандарға түйіткілді тарқататын тың шешімдерді ұсынды. Жиында барлығы 9 мәселе қаралды. Кәсіпкерлерді толғандырған сұраққа тиісті ведомства өкілдері жауап берді. Онда қаралған түйткілдер, қажет болған жағдайда Үкімет деңгейінде қаралады, -дейді палата өкілдері.

Мюаш Бисарова, Республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары:

- Жобалаушылардың да көптеген мәселесі көтеріліп жатыр. Бірінші мәселе, ол – демпинг. Демпингті мүлдем жою керек. Себебі қазіргі құжаттарға, құрылыс жұмыстарының болсын, жобалаушылардың болсын жұмыс құны бекітіледі. Одан төмен бағаға жасау, әрине сапаға кері әсер етеді. Осы сьезден осындай көп мәселелер шешіледі деп үлкен сеніммен келіп отырмыз.