Өңделмеген балықты шетелге шығаруға тыйым салынуы мүмкін

Өңделмеген балықты енді шетелге шығаруға шектеу қойылуы мүмкін.

Өйткені еліміз дайын өнім экспортына ден қоюы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары кезінде айтты. Мемлекет басшысы «Балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет. Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі. Шын мәнінде дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы жетеді. Олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкес келтіру керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады.