Шаруалар техника алуға арналған лизингке қосымша қаржы сұрады

Қазақстандық шаруалар ауыл шаруашылығы техникасына арналған жеңілдетілген лизингке қосымша қаржы бөлуді сұрап отыр.

Бастапқыда жеңілдетілген несие берілетін бағдарламаға 40 млрд теңге бөлінген. Алайда  бұл техникалық базаны жаңғыртуға жеткіліксіз болып шықты. Енді диқандар тиімді жобаның жалғасын күтіп жүр.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызының тозығы жеткен. Базаны біршама жаңарту үшін мемлекет алты пайыздық ыңғайлы жобаны іске қосқан болатын. Соның арқасында 900-ге жуық шаруа трактор мен комбайнын жаңалап алды. Бірақ бөлінген қаражат игеріліп біткен соң, бағдарлама тоқтатылды. 

Ақбар Мәуленов, «Қазақстан фермелер қауымдастығы» басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл ең жақсы бағдарлама болды. Өйткені пайызы төмен, бастапқы жарнасыз. Сондықтан қазан айында Үкімет басшысына тағы да хат жаздық, өйткені қосымша өтінімдер тағы түсіп жатыр, 18 млрд теңгеге қосымша 306 бірлік техникаға тағы да өтінім түсті. Осы өтінімді қанағаттандыру үшін тағы да 20 млрд теңге бөлуді сұрап хат жаздық.

Кирилл Павлов, аграрлық сарапшы:

 - Бұл 20 миллиард теңгенің өзі жеткіліксіз болады. Қараңыз! Бұған дейін бөлінген 40 миллиард теңгеге мыңнан сәл ғана асатын техника жаңартылып отыр. 20 миллиардқа ары кетсе 500-600 дана техника жаңартуға болады. Ол дән сепкіш, соқа сияқты қосалқы заттарды қоспағанда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керек.

Дәл осы бағдарлама бойынша кезекте тұрған тағы 300-ге жуық шаруа бар. Олар Үкіметтен қосымша қаржы бөлініп, жеңілдетілген пайызбен техника алуға мүмкіндік жасалса, - дейді.

Әділхан Кеңесов, шаруа:

- Бұл бағдарлама біз сияқты шаруалар үшін өте тиімді. Фермерлер жапа-тармағай ұмтылып, алғашқы кезеңде-ақ қаражаттың таусылып қалғаны содан. Менің кезегім келгенше қаражат бітіп кетті. Енді Үкімет бағдарламаны жандандырса деген тілек бар.

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазір өтінімдерді қабылдау тоқтатылған. Сонымен мыңдаған шаруалардың жағдайын реттей алатын шешім әзірге жоқ.

Руслан Бақытбекұлы