Жамбылдық кәсіпкер жаңғақ пастасын шығарады

Жамбыл облысы Жалпақтөбе ауылының тұрғыны өңірде бұрын-соңды болмаған кәсіпті қолға алды.  

Руслан Исмазов жержаңғақ пастасын шығарады. Елімізде мұндай табиғи өнім  өндіретін кәсіпкерлер санаулы. Сондықтан тың жоба үшін «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 5 миллион теңге грант алған.

Ауылдық тұрғынның ауладағы өндірісі автоматтандырылған. Бірнеше шағын құрылғы  күніне 50 келі паста дайындайды. Кәсіпкер жаңғақты жергілікті базардан қолжетімді бағамен сатып алады. Ол пайдалы өнімді мектеп оқушыларының ас мәзіріне енгізуді ұсынып отыр. Себебі табиғи паста баланың ми қызметін жақсартып, қан айналымы мен бүйрек, бауыр жұмысын жақсартады -дейді.

Руслан Исмазов, кәсіпкер:

- Америка Құрама Штаттары мен Еуропа елдерінде жержаңғақ пастасы бұрыннан мектеп асында бар. Ал біздің шығарып жатқан өніміміз табиғи. Олай дейтініміз пастаға балдан басқа қоспа қосылмайды. Әрі танымал біздің жержаңғақ пастасы екі есеге дейін арзан. Әрі олардан кем емес, пайдалы дәрумендер өте көп. Адам ағзасына қажетті қышқылдар, цинк, темір, калий молынан. Алдағы уақытта өнімімізді өңірге ғана емес, ел аумағы бойынша сатуды жоспарлап отырмыз.