«ҚазМұнайГаз» компаниясы IPO-ға шықты

Таяуда «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жай акцияларын алғаш рет жария түрде сатуға шығаратынын хабарлады.

Енді әр қазақстандық IPO-ға қатысып, акция иесі атана алады. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығы науқанға тыңғылықты дайындықпен келген. Қоржындағы бірегей активтер болашақта акциялар құнының өсуіне себеп болатынын айтады.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының 1 акциясы 8406 теңгеге бағаланды. Сатып алынатын акция санына шекті мөлшер жоқ. Азаматтар инвестиция салудың бірнеше жолын таңдай алады: Брокерлер, AIX биржасы, мобильді қосымшалар немесе Қазпошта бөлімшелері. Компания IPO шеңберінде акцияларының 5%-ін сатылымға шығаруды ұйғарды. 

Мағзұм Мырзағалиев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- 14 қарашада IPO аясында роудшоу басталды. Жергілікті AIX биржасында және Қазақстан қор биржасында ұсынылған ҚазМұнайГаз IPO-сын кеңінен таныстыру мақсатында өңірлерде жеке инвесторлармен кездесулер өткіземіз. Спикерлер ҚазМұнайГаз қызметі, инвестициялық тартымдылық факторлары және компанияның дивиденд саясаты туралы толық ақпаратты, ұсыну шарттары мен өтінім беру рәсімі туралы мәліметтерді баяндайды.

Былтыр "ҚазМұнайГаз" өз акционерлеріне 200 млрд теңге дивиденд төледі. 

Мағзұм Мырзағалиев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- IPO-ға шыққан сәттен бастап, біз үшін менеджмент ретінде және компаниямыз үшін дамудың жаңа кезеңі басталады. IPO арқылы барлық қазақстандықтың "ҚазМұнайГаз" акцияларын сатып алуға мүмкіндік алғанын көздейміз. 

Бүгінде "ҚазМұнайГаз" компаниясының 100% акциясы 5,1 трлн теңгеге бағалануда. Шоғырландырылған активтері 32 млрд долларға тең. Бірінші жартыжылдықтағы таза пайда 677 млрд теңгені құрады. Компания қоржынында қазірдің өзінде өндіру, тасымал және мұнай өңдеу бойынша бірегей жобалар бар. Алдағы жылдары "Қаламқас" және "Хазар" теңіз кен орындарын игере бастайды.

Рухани Асқар, Мұрат Әріпханов, Досхан Қораз