Сырбойылық ауыл кәсіпкерлері АНК бағдарламаларының тиімділігін көріп отыр

Қызылорда облысындағы ауыл кәсіпкерлері Аграрлық несие корпорациясының қолдау бағдарламаларының тиімділігін көріп отыр.

Жыл басынан бері 500-ге жуық шаруа жеңілдетілген несие рәсімдеп, кәсібін сақтап қана қоймай оны кеңейтуге мүмкіндік алды. «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 33 бас жылқы сатып алған «Тұрымбет» шаруа қожалығындағы түліктің саны қазір 300-ге жуықтап қалды. Жергілікті сауда сөрелерін үлкен көлемде ет өнімдерімен қамтып келе жатқан агросеріктестік 3 отбасыға жұмыс беріп отыр.  

Қарапайым көлік жүргізушісі болған Берік Талқанбаев 2018 жылы «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 9 млн 8 жүз мың теңге жеңілдетілген несие алып, Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылынан шаруа қожалығын ашты. Сол кезде сатып алған 3-4 үйір жылқысын бірнеше есе көбейткен кәсіпкер небәрі 3 жылдың ішінде облыс орталығындағы сауда орындарына тұрақты түрде ет жеткізуші ірі құрылымға айналып үлгерді.   

Берік Талқанбаев, "Тұрымбет" шаруа қожалығының басшысы:

- Бағдарлама жақсы ғой шаруа қыламын деген адамға беріп жатқаны. 16%-бен алдық, соның 6%-ын төлеп отырмыз. 10%-ын субсидиялап төлеп беріп отыр. 7% шаруаға жақсы деп ойлаймын. 2 жыл демалысы болды, жылына бір рет 2 млн тг төлейміз. Оның уақыты да қазір бітіп қалды. Тағы да осы Аграрлық несие корпорациясымен техника алып, осы жерді көгалдандырып, жылыжай ексем деймін қаладан.  

Аграрлық несие корпорациясы егіншілік бойынша «Кең дала», бизнесін енді бастап келе жатқан кәсіпкерлерге арналған «Іскер» және әмбебап «Агробизнес» бағдарламасын ұсынып отыр. Жеңілдетілген кредитке қол жеткізу үшін ауыл тұрғындарының мүліктік кепілзаты таңдалмайды.  

Маханбет Тұрмаханов, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиал директоры:

- Ауылдық жердегі үй немесе жылжымалы мүлік, жер болсын кез-келген мүлікті кепілге қоюға болады. Және де нарықтық бағамен бағаланады. Аграрлық несие корпорациясы жылда мыңдаған кәсіпкерге 10 млрд тг қаражат бөледі. Биылғы жылдың 1-қарашасына 497 кәсіпкерге 8 млрд 354 млн тг қаржы бөлінді. 

Жыл соңына дейін сырбойылық кәсіпкерлердің төмен пайызды несиеге қол жеткізуіне мүмкіндігі бар. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясы 1 млрд теңгедей қаржы дайындап отыр. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев