Еуроодақ пен Орталық Азия сауда жолдарын бірлесіп дамытады

Бұл жайында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Самарқандқа жасаған сапары кезінде мәлім болды.

Өзбекстанда «Еуропалық Одақ - Орталық Азия» ынтымақтастық конференциясы өтті. Тараптар түрлі салада ынтымақтастық орнатты.

Еуропалық одақ пен Орталық Азия сратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне қадам басты. Осыдан бірер апта бұрын Астанада мемлекеттер басшылары деңгейінде кездесу өтсе, енді Самарқандқа сыртқы саясат ведомствасының жетекшілері жиналды. Былтыр Еуропа елдерінің «Global gadeway» стратегиясын қабылдағаны белгілі. Оның бір бөлігі Қазақстан, Өзбекстан сынды дамушы елдерді кәрі құрлықпен сауда жолдары арқылы байланыстыруды көздейді. 

Жозеп Баррель, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Орталық Азия мен Еуроодақ қатынасы «Ғаламдық қақпа» стратегиясы аясында да дамиды. Бұл өте маңызды міндет. Цифрландыру, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және су ресурстары саласында жаңа ынтымақтастық орнайды.

Өзбекстан Еуропалық Одақтың мол мүмкіндігіне иек артады. Сондықтан негізгі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды ұсынып отыр. Оның аясында көрші Пәкістанның теңіз порттарына қатынайтын теміржол бағытын іске қосуға жол ашылмақ. Транзитті дамытуда Транскаспий дәлізінің де мүмкіндігі орасан. Онымен тұтас аймақ елдері әлемдік нарықпен байланысын нығайтады. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Орталық дәліздің ауқымы өте кең. Оны қандай да бір жобаның баламасы ретінде емес, транзитті әртараптандыру мүмкіндігі деп қарастырамыз. Бұл іске Кавказ бағыты да қосылуы қажет. Біз үшін Армения мен Әзербайжанның арасында көп ұзамай бейбіт келісімнің орнағаны керек. Президенттің Иранға жасаған сапары кезінде контейнерлік бағыт іске қосылған болатын. Иран мен Түрікменстан Қазақстан үшін теміржол тарифін екі есе төмендетті. Жалпы еліміз оңтүстік бағытқа қарай транзитті дамытуын жалғастырады. 

Тараптар әлемдік геосаяси жағдайдың ушыға түскенін атап өтті. Оған қатысты Орталық Азия елдерінің ұстанымы бейтарап. Ресми Брюссель үшін бұл тиімді. Өйткені арадағы әріптестікке сызат түспейді. Алдағы уақытта Орталық Азия кәрі құрлыққа сирек кездесетін металл экспортын арттырса, Еуропа жоғары технология ұсынуға дайын. Екіжақты әріптестік енді бизнес қауымдастық арасында жалғасын табады. Осы мақсатты көздейтін шараның бірін келер жылы Қазақстанда өткізу көзделіп отыр. Орталық Азия мен Еуроодақ Алматыда ірі кәсіпкерлердің басын қосып, сауда-саттық және инфрақұрылымдық жобаларды дамытпақ. 

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов