Қыста көкөніс тапшылығы болмайды

Осылай деп бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі сендірді.

Ведомство жетекшісі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша қазір тиісті қор жасақталған. Мәселен, тек картоптың 4 млн тоннасы бар. Оның бағасы 140 теңгеден аспайды. Сәбіз, қырыққабат және картопқа деген қазақстандықтардың сұранысы толық қамтылған, дейді министр. Осыған қоса қазір елде көкөністің барлық түрі бойынша өнімділік артып келеді. Бірақ дәстүрге сай күз мезгілінде қияр мен қызанақ бағасы күрт қымбаттап кетеді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қызанақ пен қияр мәселесі жылда қайталанатын үрдіс. Өйткені қазан-қараша айларында көкөніс жылыжайларда өсіріле бастайды. Бұл қымбатқа түседі. Осыған байланысты баға біршама өседі. Бірақ қызанақтың келісі 1,5 мың теңгеге дейін жетуі дұрыс емес.

Қойма тапшылығы

Көкөністердің қымбаттауын сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин де түсіндірді. Оның айтуынша, елде қоймалар тапшы. Ал көктемде қажетті өнімдердң өзге елдерден сатып алуымызға тура келеді дейді. Қазір министрлік өзбек ағайындармен импорт құнын арзандату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр екен.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:

- Қоймалар жетпей жатыр. Кеше кешкісін мына Қазақстанда бүкіл қоймалардың талдауын жасадық. Әрбір өңірде ең кемінде 2-3 қойма болу керек үлкен. А класс ішінде климат-контроль бар. Б класс. Себебі мынау бүкіл азық-түлікті сақтауымыз керек. Қоймаларды Үкімет салмайды. Ол дұрыс емес. Қоймалар керек болса бизнес өзі салсын. Бірақ біз жол карта арқылы қолдаймыз.