Атыраудағы KPI зауыты алғашқы полипропилен өнімін экспорттады

Атыраудағы KPI зауыты алғашқы полипропилен өнімін пойызбен экспортқа жөнелтті.

Биыл 8 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары кезінде ашылған полипропилен зауыты алғашқы өнімін экспорттап үлгерді. Сонымен қатар отандық компанияларға да жергілікті тауарларды тарата бастаған.

«РГК-Каспий» ЖШС полипропилен өнімін бұған дейін көршілес Ресей елінен алып келген. Тасымал шығынын қоспағанда, шикізаттың өзі қымбат шығатын. Ал жергілікті KPI зауытының өнімі бұл мәселенің реттелуіне мүмкіндік беріп отыр. 

Азамат Асылбеков, "РГК-Каспий" ЖШС директоры:

- Кез келген өнімнің өзіндік құны шикізатқа байланысты екені белгілі. Жергілікті шикізаттың болуы біз үшін өзіндік құнды түсіретіні анық. Сондықтан Ресейге қарағанда немесе басқа жақтан алғаннан гөрі, мысалы Түркіменстан, Өзбекстаннан полипропилен алғаннан гөрі Атыраудан, үйдің қасынан алған тиімдірек. 

KPI зауыты ел экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешені. 18 қарашада зауыт 1,5 тонна полпропилен тиелген алғашқы контейнерлік пойызды шетелге аттандырды. Жалпы Еуропа елдеріне, Түркия, Қытай және ТМД елдеріне экспорттау жоспарланған. Сондай-ақ жүк көліктерімен де «Универсал», «ALPHA PLAST» секілді отандық компанияларға жіберілді. 

Дамир Әбелдинов, "KPI" ЖШС маркетинг жөніндегі департамент директоры:

- Қазақстанда 45-ке жуық компания қызығушылық танытты. Олардың 28-імен келісімшарт жасалды. Қазір де біздің компаниямен келісімшарт жасауға көптеген мекеме ниет білдіріп отыр. 

Қазақстандық зауыттан шыққан өнімнің сапасын әлемге әйгілі швейцариялық SGS компаниясы бағалайды. Компания зертханасы қазір зауыт аумағында жұмыс істеп тұр. Ай соңына дейін зауыт көлемі 9 мың тоннадан асатын тағы 6 контейнерлік пойызды экспортқа жіберуді жоспарлап отыр. 

Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин