Қазақстандағы CNPC компаниясының қызметіне 25 жыл толды

Бүгін Алматы мен Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғалымдар мен сарапшылар CNPC Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесін талқылап, өзара тиімді стартегиялық серіктестіктің келешегін бағалады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ ынтымақтастығы 1997 жылы CNPC - Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының қазақстандық нарыққа келуімен басталды. CNPC әлемде 3-орында тұрған әйгілі халықаралық компания. Алматы мен Бейжіңдегі ғалымдар мен зерттеушілер 25 жылдық өзара тиімді ынтымақтастықтың қорытындысын шығарды. 

Болат Сұлтанов, "Бір белдеу және бір жол" сарапшылар клубының басқарма төрағасы:

- CNPC  тек экономикалық дамудың жетекші концерні ғана емес, сонымен қатар еліміздің әлеуметтік дамуына көп қаражат салды. Мысалы, CNPC Қазақстан бюджетіне елу миллиард доллар салық төлеп, мұнай-газ секторын дамытуға қырық бес миллиард доллар инвестиция құйды.

Қазақтандағы CNPC жобалары кеңінен танымал. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» және «ПетроҚазақстан» компаниялары өз өнімдерінің 70 пайызын Қазақстан нарығына ішкі бағамен жеткізеді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан кейін Еуро-4/Еуро-5 стандартындағы жоғары сапалы жанармай шығарады. Sinooil жанармай құю станциялары мұнай өнімдерінің жоғары сапасымен және қызмет көрсетудің озық үлгісімен көзге түсті. Ал Азиялық газ құбыры мен Қазақстан-Қытай мұнай құбыры  еліміздің өңірлерін көмірсутегімен қамтамасыз етіп, шикізат өнімдерін экспортқа шығарды. 

Ху Хунмин, CNPC Орталық Азия және Ресей бойынша вице-президенті:

- Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа алтын отыз жылдығын аша отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин оның мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында өтетінін мәлімдеді. CNPC бұл тұжырымдаманы толығымен қолдайды және оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салады.

Қазақстан Президенті CNPC ұжымын Қазақстанда жұмыс істей бастағанына 25 жыл толуымен құттықтап, корпорацияның екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібін бірге өркендетіп, өзара ынтымақтастық аясын кеңейте түсеміз деп сенім білдірді.

Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев