Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді

Базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейіне дейін көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық Банк төрағасы бұл шешімнің инфляциялық қысымды төмендетуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталғанын айтты. Оған 2025 жылға дейінгі жаңартылған болжамдар мен нақты деректерді талдау негіз болған.

Биыл елдегі базалық мөлшерлеме алтыншы рет көтерілді. Бірақ Ұлттық банк төрағасы оны өсіру циклі аяқталуға жақын деп сендірді. Ал бүгінге дейін қабылданған шешімдер нәтижесінде теңгедегі депозиттің үлесі артып, жалпы көлемі 30 трлн теңгеге жетті. Бұл – тарихи рекорд. Сәуірден бері шетел валютасын сату бойынша интервенциялар жүргізілмеді. Халық пен бизнесті несиелеу жыл басынан бері 16,1%-ке өскен.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- 2022 жылдың қараша айында инфляция жылдық мәнде 19,6%-ға жетті. 24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосуда. Базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалыптасуы жалғасуда.

Елде ЖІӨ 2,5 процентке төмендеді. Бұған кен орындарында жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ экспорттағы логистикалық кедергілер әсер етті. Дегенмен мұнайға жатпайтын секторларда айтарлықтай өсім бар.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Халықтың инфляциялық күтулері тарихи ең жоғары деңгейге жақын болып отыр. Биылғы қараша айында инфляцияны медианалық бағалау 18,2% болды. Биылғы 4-тоқсанда кәсіпорындардың инфляциялық күтулері де рекордтық мәндерге жетіп, 17,6% болды.

Ұлттық банктің болжамынша, 2023 жылдың алғашқы тоқсанында инфляция шарықтау шегіне жетуі тиіс. Ал базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 13 қаңтарда жарияланады.

Сондай-ақ...