«ҚазМұнайГаз» компаниясы IPO-ға шықты

«ҚазМұнайГаз» компаниясы IPO-ға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Бүгін елордада акцияларды қайталама саудаға шығару рәсімі өтті.

Айта кету керек, халықтық IPO арқылы ҚазМұнайГаз-дың 18 млн 303-мыңнан астам жай акциясы сатылды. Бұл жалпы құнды қағаздардың 3% құрайды. Акцияны сатып алғандардың 95% қазақстандықтар. Отандастарымыз берген өтінімдер бірінші кезекте мақұлданған.

Айта кету керек, жеке тұлғалар берген өтінімдердің 70% Халық Банкі арқылы өткен.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын қайталама саудаға шығару рәсіміне бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та қатысты. Құнды қағаздар Астана халықаралық биржасы мен Қазақстан қор биржасында сатылатын болады.

Айта кету керек, биыл халықтық IPO цифрлық форматта өтті. Яғни, акцияларды қазақстандықтар қашықтан сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұған дейінгі IPO-ларда түрлі платформалар қолданылған болатын. Атап айтсам, Қазпоштаға тіркелу немесе тікелей қатысу арқылы. Ал онлайн платформаны пайдалану – ол қағазбастылықтан арылтады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы халықтық IPO-ға қарашаның 9-ы күні шыққан. Желтоқсанның 2-не дейін жалпы құны 181 млрд теңге болатын 129 мың өтінім келіп түскен. Компанияның құнды қағазын сатып алғандардың қатарында 91 жастағы қызылордалық қария да бар.

Үміт Шаяхметова, «Halyk Bank» басқарма төрағасы:

- IPO-ға қатысу арқылы сіз бірінші болып акцияның иегері атанасыз және ең арзан бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие боласыз. Ал қайталамада саудада бұл құнды қағаздардың бағасы өседі. Яғни, оны сіз өзге адамға қымбатқа сатып, пайдаға кенеле аласыз.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы IPO арқылы өзінің 3% акциясын сатты. Өтінімдердің 99% онлайн режимде берілген екен.