Ақтауда кедендік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Маңызды құжат Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД елдеріне мүше мемлекеттердің кеден қызметі басшылары кеңесінің жиынында таныстырылды.

Басқосуға Армения, Әзtрбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан,  Өзбекстан және қазақстандық уәкілетті орган қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық комиссиясы мен ТМД атқару комитетінің өкілдері қатысты.

Ақтауда 8 мемлекет пен 2 халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан іс-шара екі күнге созылды. Осы аралықта ТМД кеңістігінде тауарлармен операциялар жасау тәртібін жетілдіру бойынша өзара қолайлы тәсілдер қызу талқыланды. Нәтижесінде әртүрлі жүктерді теміржол арқылы тасымалдау кезінде кеден қызметтері арасында қағазсыз ақпарат алмасуға көшу тетіктері айқындалды. Сондай-ақ тараптар тауар таситын көліктерге кедендік мөр басуға уағдаласты.  

Владимир Булавин, Ресей федералды кеден қызметінің басшысы:

- Мұндай мөрдің келешегі зор. Бұл, өз кезегінде электронды құрылғы іспеттес. Яғни оның жадына тасымалданған барлық тауар туралы ақпаратты енгізуге болады. Ол мәлімет шекарадан өту кезінде автоматты түрде көрініп тұрады. Осылайша, кеден органдары арасында ақпар алмасудың заманауи тәсіліне көшеміз.

Бұл кездесуде әр елдің кеден заңнамасын біріздендіру және бұған дейін қабылданған мемлекетаралық шешімдерді тиімді жүзеге асыру жолдары айтылды. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жиында көтерілген мәселелердің тоғыз жолдың торабында тұрған аймақ үшін өзекті екенін атап өтті. 

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- Үлкен шаруа атқарылды. Қабылданған шешімдердің ТМД елдері арасындағы кеден қызметін оңтайландыруға оң ықпал етеріне сенеміз. Оның аясында  өңірде кәсіпкерлік саланы, соның ішінде шағын және орта бизнестің дамуы үшін қолайлы мүмкіндіктер пайда болады. 

Жиын соңында ТМД мемлекеттері сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ кеден органдары арасында меншік құқығы бұзылған тауарлар жайлы жедел ақпарат алмасу ережесі бекітілді. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев