Alageum Electric компаниясы электр жабдығын экспорттайды

Ширек ғасырда шираған өндіріс.

Трансформаторлар мен қосалқы стансаларды шығаратын "Алагеум электро" кәсіпорны бүгінде қазақстандық нарықты отандық өніммен қамтып қана қоймай, электр жабдықтарын ТМД елдеріне экспорттайды.

Ел бойынша 14 зауыт ашқан алпауыт компания бұнымен шектелмек емес. Айта кетерлігі, Холдингке қарасты Кентау трансформатор зауыты биыл «Парыз» сыйлығын иеленді.

14 зауыты, екі ғылыми-жобалық институты және құрылыс-монтаждау мекемесі бар алпауыт өндіріс. Бизнес процесі ғылымға негізделген кәсіпорын Қазақстанда кемде кем. Трансформаторлар шығаратын “Alageum Electric” компаниясы биыл 25 жылдығын атап өтуде. Бес мың адамды жұмыспен қамтыған ірі өндіріс электр жабдығының 400-ден астам түрін ұсынады. Осының бәріне банкроттықтың аз-ақ алдында тұрған зауыттарды жандандыру арқылы қол жеткізілген. 

Нұрмахан Әбдірахманов, “Alageum Electric” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз оларға модернизация жасадық, жаңа жобаларды игеріп, олардың жұмысын жандандырдық. Одан басқа жаңа зауыттар аштық. Оралда, Петропавлда, Шымкентте жаңа зауыттар, жаңа технология, жаңа қондырғылар қойылған. Бағыты экспорт. Әлемде транснациональный компания дейді, сондай компаниялар бар Сименс, ЭйБиБи, Шнайдерэлектрик.  Біздің мақсатымыз қазақтың өндірісін сондай дәрежеге жеткізу. 

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өндірістің жұмысшылары баспанамен қамтылады. 25 жылда 650 астам пәтер берілген. Сонымен қатар, кәсіпорында маман даярлығына да баса мән берілген. Оқу мен тәжірибені ұштастырған Кентау политехникалық колледжінің түлектері бірден даяр маман ретінде жұмысқа тұрады. Солардың бірі Талғат Якупов. Компания қызметкердің Украинадағы оқу ақысын да төледі. 

Талғат Якубов, инженер-технолог:

- Өндірісте жаңа технологиялар мен заманауи қондырғылар қолданылады. Ту сыртымда қазір болатты көлдеңінен кесіп, электр техникалық жабындыларды автоматты түрде қалайтын жаңа желі жұмыс істеп тұр. Қазір бәрі автоматтандырылған, бұрынғыдай қолмен құрастырмаймыз. Онымен робот қондырғы айналысады.

Импортқа тәуелді болмай, керісінше қазақстандық өнімді экспорттау. Alageum Electric холдингінің басты мақсаты осы. Кәсіпорын жыл сайын ел қазынасына 15 млрд теңге көлемінде салық түсіреді.

Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев